Балықтар

Балықтар — хордалылар типінің жақтылар тобына жататын омыртқалы су жануарлары. Балықтардың 22000-нан астам түрі бар деп есептеледі. Және олардың үштен бір бөлігі тұщы суда өмір сүреді. Қазақстанда 180-дей түрі мен түр тармақтары кездеседі. Балықтар силур дәуірінде пайда болған.

Балықтардың пайда болуы жақсыз түрлерінен басталып, көптеген ароморфоздармен байланысты болған:

Дереккөз: 1925-1928 encyclopedia, Pieni Tietosanakirja
  1. Хорданың шеміршекке ауысуы, кейін сүйекті омыртқамен, бас сүйектің қалыптасуы оның миды қоршап қорғап тұруы.
  2. Тістері бар жақтардың пайда болуы.
  3. Жүзу қанаттарының — жұп аяқтарының пайда болуы.
  4. Жүйке жүйесінің жақсы дамуы, ол мидың алдыңғы бөлімінің ұлғаюы — мидың қозғалу бөлімі және мишықтын — тепе-теңдік сақтайтын бөлімдерінің дамуымен байланысты.
  5. Желбезектердің пайда болуы.
  6. Асқорыту безінің жеке мамандандырылған бөлімдерге: бауыр мен қарынасты безіне бөлінуі.
  7. Алғашқы бүйректің пайда болуы.
  8. Дененің құрсақ бөлімінде жүректің пайда болуы.

Дене құрылысы : Алабұға. Денесі сүйірлі, бүйірі жағы жалпақтау, денесі бар, тұлға және құйрықтан тұрады. Жұпсыз жүзу қанаттары — арқа , құйрық және жұп жүзу қанаттары көкірек, құрсақ болады.

Жабыны: Терісі сүйекті қабыршақтармен қапталған, теріде сілекей бөлетін бездері болады.

Қаңқасы: бассүйектен, омыртқадан, қабырғалардан, иық және жамбас белбеулерден тұрады. Бас сүйегі ми қорапшасынан , жақ сүйектерінен, желбезек доғаларынан және желбезек қақпақшаларынан құралады.

Бұлшық ет: Сегментті, біртипті, омыртқаға бекиді, әсіресе арқа мен құйрық бұлшық еттері күшті болады. Бұлшық еттер жүзу қанаттарының, жақтарының және желбезек қақпашаларының қозғалысын қамтамасыз етеді.

Асқорыту жолдары: Тісі бар ауызы, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, ащы ішегі болады, оған бауыр мен қарынасты безінің өзегі ашылады. Ішектің артқы бөлімінде аналь тесігі орналасқан. Ішектің алдыңғы бөлімінен жүзу торсығы шығады. Ол балықтың судағы қозғалысын және жүзуін қамтамасыз етеді.

Тыныс алу жолдары: Желбезектер доға тәрізді жапырақшалардан тұрады. Суды ауызбен жұтады да, желбезектер арқылы шығарады. Ол жерде оттегінің сіңірілуі және көмірқышқыл газының шығарылуы жүреді. Ауамен тыныс алуға бейім органы бар балықтар да кездеседі. 

Қан айналу жүйесі: Жүрегі екі камералы — жүрекше және қарынша. Қанайналым жүйесі біреу. Венозды қан жүрекшеден, содан қарыншадан өтіп қолқаға түседі. Одан артерия арқылы желбезектегі капиллярларға тарайды.

Шығару жүйесі: Бүйрегі омыртқаның екі жағында орналасады, қара қоңыр түсті болады. Одан ағар түтіктері шығады, ол арқылы несеп қуыққа жиналады да, кейін сыртқа шығарылады.

Жүйке жүйесі: Орталық жүйке жүйесі бас ми мен жұлыннан тұрады. Ал шеткі жүйке жүйесі жүйкешелерден тұрады. Жұлын — омыртқаның каналында орналасады. Бас ми 5 бөлімнен тұрады: алдыңғы, ортаңғы, аралық ми, сопақша ми және мишық, он жұп бас ми жүйкелері болады.

Сезім мүшелері: Көру мүшесі — көз, есту мүшесі — ішкі құлақ, иіс сезу — мұрын қуысында дәм сезу мүшелері (дәм бүршіктері) ауыз қуысында және еріндерде орналасады. Бүйір сызығы дегеніміз — судың қозғалу бағытын және судың ағу күшін қабылдайтын мүше. Сүйекті балықтардың көпшілігінде денесінің тепе-теңдігін сақтау қызметін атқаратын торсылдағы болады. Ал кейбір балықтарда торсылдақ – тыныс алу органы. Балықтар торсылдақ арқылы өзі шығаратын дыбысты күшейтеді. 

Көбеюі : Қос жынысты — ұрғашыларында екі жұмыртқа қабы болады. Оның ішінде уылдырық дамиды. Еркектерінде екі ұрық қапшығы болады, ол жерде сұйықтық (молока) болады, оның ішінде сперматозоидтар дамиды. Дегенмен, балықтардың әдетте дара жынысты, қос жынысты түрлері де бар. Балықтардың көпшілігі сырттай ұрықтанып, уылдырық шашу арқылы көбейеді. Сондай-ақ іштей ұрықтанып, тірі шабақ немесе ұрықтанған уылдырық туатын түрлері де болады (мысалы, акулалар, т.б.). Тіршілігінде олар бірнеше рет уылдырық шашады, бір рет қана уылдырық шашатындары да бар.

Дамуы : Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы бөлінеді де, гаструла, бастула кезеңдерінен өтіп дернәсіл пайда болады (9-14 күн). Дернәсіл уылдырықтың қабықшасын бұзып жеке тіршілік ете бастайды. Ол планктонмен қоректенеді. Дернәсілдерден шабақтар дамиды.

  • Есіңде сақта!
    Балықтар екі басты топқа бөлінеді: шеміршекті және ең үлкен топты құрайтын сүйекті балықтар. Балықтардың 97 – 98%-ы сүйекті балықтарға жатады, қалғандары шеміршекті балықтар. Ал қорегінің түріне қарай балықтар: фитофаг, планктофаг, бентофаг, детритофаг, жыртқыштар болып бөлінеді.

Сүйекті балықтар

Сүйекті балық құрылысы - Дереккөз: Википедия сайты, автор: Ordabekov Azamat

Сүйекті балықтардың дене ұзындығы 0,7-1,1 сантиметрден 5-7 метрге дейін, салмағы 1,5 тоннаға жетеді. Ішкі қаңқасы сүйектенген және әрдайым тері сүйектері болады. Қанқа бөлімдері шеміршекті балықтардағы тәрізді, алайда желбезектер сүйекті қақпақпен жабылған. Сүйекті балықтардың көпшілігінде торсылдақ бар. Су түбінде өмір сүретіндерінде торсылдақ болмайды. Ұрықтану сыртқы ортада өтеді, кейбір түрлері тірі табатындар .

Сүйекті балықтар негізгі 2 класс тармағына бөлінеді. Олар: сәулеқанатты және қалаққанатты балықтар. Сәулеқанатты балықтарға бекіретәріздестер, майшабақтәріздестер, албырттәріздестер, сетінектер, көзауықтар, тұқытәріздес балықтар жатады. Ал қостынысты және саусаққанатты балықтар қалаққанаттыларға топтастырылады. 

Дереккөз: kopilkaurokov.ru сайты

Сүйекті балықтардың ас қорыту жүйесі ауыз қуысынан басталып, жұтқыншаққа жалғасады, ол өңешке ашылады. Өңеш қарынға – қарын аш ішекке, ол тоқ ішекке ашылады. Тоқ ішек аналь тесігімен сыртқа ашалыды. Бауыр мен ұйқы бездің өт және сөл жүретін жолы аш ішекке ашылып, қорек қорытылады. Қажетті заттар қабырғалары арқылы қанға өтіп бүкіл денеге таратылады.

Шеміршекті балықтар

Шеміршекті балық құрылысы - Дереккөз: Инфоурок сайты

Шеміршекті балықтардың екі класс тармағы бар: тақтажелбезектілер және бүтінбастылар . Жаплы олардың 140-қа жуық туысы, 730 түрі бар. Шеміршекті балықтардың денесінің ұзындығы 6 см-ден 20 м-ге жетеді. Қаңқасы тек шеміршекті, қаңқасының сүйектенбегені жиі кездеседі. Егер қабыршағы бар болса, ол тісшелі. Көпшілігінде ұзынша тұмсығы болады, аузы тұмсығының астында көлденең саңылау сияқты көрінеді. Қанат қалақшалары эластинді талшықтармен бекіген. Құйрық қанаттарының қалақшалары тең емес, үстіңгі қалағы үлкен. Торсылдағы болмайды. Тоқ ішегінде иірлі қатпарлы қақпақшасы, жүрегінде артериалды конусы бар. Ас қорыту және несеп-жыныс жүйелері құрсақ қанаттарының жанындағы ортақ қуыс — клоакаға ашылады. Іштей ұрықтанады. Аталықтарының жұп шағылысу органдары  құрсақ қанаттарының сыртқы талшықтарынан дамыған. Шеміршекті балықтар тірі туады немесе ұрықтанған жұмыртқа салады . 

Тақтажелбезектілерге — акулалар мен скаттар жатады. Акулалардың 350-ге жуық түрі бар. Олар мұхиттарда, теңіздерде таралған. Дене пішіндері алуан түрлі.  Скаттардың да 350-дей түрі бар. Денесі жалпақ әрі көкірек жүзбеқанаттары тұмсығымен тұтасып кеткен. Желбезек саңылаулары денесінің құрсақ жағында орналасқан. Тұтасбастыларға 30-дай түрлері жатады. Терісінде қабыршақтары болмайды. Сырты қалың қабықпен қапталған ұрықтанған уылдырық шашып көбейеді. Олардың көпшілік түрі теңіз түбіндегі жәндіктермен қоректенеді. 

Қорытынды

Дереккөз: m.alashainasy.kz сайты

Қолданылған деректер:

  1. Оқушылардың қысқаша анықтамалығы. 5-11 сынып. Алматы. Алматыкітап баспасы, 2011.
  2. Қазақ Энциклопедиясы
  3. Биология:Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. Алматы: «Атамұра» баспасы, 2007.
  4.  Жануарлар әлемінің биологиялық әр түрлілігі (хордалылар), Жұмалиев М.Қ., Бәйімбет Ә.А., , 1 бөлім, Алматы, 2005.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Scroll Up