Буылтық құрттар

  • 1. Буылтық құрттардың жұмыр құрттардан негізгі айырмашылығы неде?
    2. Буылтық құрттар қалай көбейіп, дамиды?

Буылтық құрттар

Буылтық құрттар, нереида. Дереккөз: wikimedia commons

Буылтық құрттар — денесі шұбалыңқы, сақина тәрізді буылтықтарға бөлінген көпжасушалы жәндіктер. Олардың 9000-ға жуық түрі бар. Үш класқа жіктеледі: азқылтанақты, көпқылтанақты құрттар және сүліктер.

  • Мекен ортасы: теңіздер мен тұщы суларда, топырақта еркін тіршілік етеді.
  • Денесі: екі жақты симметриялы; алғашқы ауыздылар. Соңғы қуыс — целомның болуы. Целом (соңғы қуыс) — көпжасушалы жәндік және жануарлар денесінің ішкі қабырғасы мен мүшелері арасындағы кеңістік. Ол аралық қабаттан (мезодерма) пайда болған. Қуысқа толған сұйықтықты  дене қабырғасын құрайтын бұлшықеттер — мезодерма қоршайды. Жәндіктер бұлшықет көмегімен қозғалады. Целомның қызметі:
  1. Қозғалыс кезінде тірек болып, сұйықтық күйдегі қанқа қызметін атқарады;
  2. Ішектің және дене қабырғасының өз алдында жеке жұмыс атқаруына мүмкіндік жасайды;
  3. Ішкі мүшелердің және дененің мөлшері жағынан едәуір ұлғаюына көмектеседі;
  4. Қуыс ішіндегі сұйықтықтың көмегімен құнарлы заттарды, зат алмасудың соңғы өнімдері мен газды тасымалдайды; 
  5. Зат алмасудың соңғы өнімдері мен сұйықтықтың артық мөлшері жинақталатын орын бола алады; 
  6. Ағзадағы қысымды реттеуге қатысады. 
  • Денесі үш қабатты: эктодерма, мезодерма, энтодерма.
  • Қанайналым жүйесі: тұңғыш рет тұйық (қан жәндіктердің қуысына құйылмай, қан тамырлары арқылы ағады) қанайналым жүйесі пайда болды; дененің артқы ұшында бір-біріне жалғасады және  арқа мен құрсақ қан тамырларынан тұрады. Қанның ағуын арқа және құрсақ қантамырларын сақина тәрізденіп жалғастыратын «жүрекше» болады. Көпшілігінде қанның түсі қызыл болады. Қанның түссіз немесе жасыл түсті болатын буылтық құрттар да болады. 
  • Асқорыту жүйесі жақсы дамыған; ауыз, сілекей бездері жұтқыншаққа бөлінеді, өңеш кеңейген, асқазан, ішек, аналь тесігі болады.
  • Зәр шығаруы: зәршығару мүшелері эктодермадан түзіледі. Олар буылтықтың әрқайсысында екі-екіден орналасады. Имек түтіктер тек соңғы буылтықтарда болмайды.
  • Тыныс алу: диффузиялы (суда еріген оттегіні денесін қаптаған қабықша арқылы сіңіруі), кей түрлерінде қарапайым желбезектері дамыған.
  • Жабыны сырқабық бөлетін бездері бар эпителийден тұрады. Топырақта үйкелісті азайту үшін шырыш та бөледі.
  • Қимыл жүйесі: жабынның астында сақиналы бұлшық ет (денені ұзартады), оның астында бірыңғай салалы бұлшық ет (денені қысқартады) орналасады.  Буылтық құрттарға тән тағы бір қасиет — айрықша қозғалыс мүшелерінің болуы. Мұндай мүшелер құрт денесіндегі буылтықтардың әрқайсысының екі қатарын бойлай орналасады, бұл параподия деп аталады. Параподия — денеден бұлтиып шыққан, бір буда қылтанақтары бар кішкене өсінділер.
  • Жүйке жүйесі  жұтқыншақ маңындағы бір-бірімен жалғасқан екі жұп жүйке түйінінен (үстіңгі екі түйін — жұтқыншақүсті, астыңғы екеуі — жұтқыншақасты) және қатарласа созылған құрсақ жүйке тізбегінен тұрады. Жұтқыншақасты жүйке түйінінен созылатын буылтықтардың әрқайсысында жүйке түйіндері бар. Жүйкелер осы буылтық түйіндерінен құрттың басқа мүшелеріне тарайды. Жұтқыншақүсті жүйке түйіндері ми болып саналады.
  • Көбеюі: жынысты, жыныссыз. Азқылтанақты құрттар — қосжынысты, нереида, құмқазар — даражынысты.
  • Үш классқа жіктеледі: азқылтанақтылар, көпқылтанақтылар, сүліктер.

Азқылтанақты буылтық құрттар

Азқылтанақты құрт. Дереккөз: kk.wikipedia.org
  • Өкілі: шұбалшаң.
  • Мекені: топырақ, тұщы су.
  • Ерекшеліктері
  1. Параподиялары жоқ;
  2. Құрсақтың сыртын ұсақ қылтанақтар (сета) қаптайды;
  3. Сезім мүшелері: бүкіл денесінде жарық сезгіш жасушалар шашыраңқы түрде орналасқан. Көзі, қармалауыштары жоқ;
  4. Тыныс алу кезінде диффузия арқылы бүкіл денесімен ауаны сіңіреді;
  5. Қосжыныстылар;
  6. Тура дамиды;
  7. Регенерация жақсы дамыған.
  • Маңызы: 
  1. Топырақты терең қазып, оны ауамен, ылғалмен байытады. Бұл — топырақтағы микробтардың белсенділігін арттыруға көмектесіп, өсімдіктер тамырының топыраққа тереңірек бойлап бекінуіне көмегін тигізеді.
  2. Өсімдік шірінділерімен қоректеніп, су қоймаларын тазартады.
  3. Жауынқұрттар үй құстары мен жануарларына жем болып келеді.

Көпқылтанақты буылтық құрттар

Көпқылтанақты құрт. Дереккөз: zen.yandex.ru
  • Өкілі: нереида, құмқазар.
  • Мекені: теңіз сулары.
  • Ерекшеліктері
  1. Параподиялары бар;
  2. Денесінің сыртын көп қылтанақтар қаптайды;
  3. Денеден ерекшеленген басы бар;
  4. Сезім мүшелері: жақсы дамыған көздері, мұртшалары, қармалауыштары, сипап сезу;
  5. Дара жыныстылар;
  6. Жыныссыз (бүршіктену,бөліну арқылы) көбею кезінде тікелей дамиды. Жынысты жолмен көбейгенде трохофора деп аталатын кірпікшелері бар дернәсіл түзеді.

Маңызы: суда тіршілік ететін балықтарға, шаянтәрізділерге жем болады.

Сүліктер

Сүлік. Дереккөз: el.kz
  • Өкілі: сүлік.
  • Мекені: су, ағзалар денесінде (паразит).
  • Ерекшеліктері:
  1. Қылтанақтары жоқ:
  2. Бас бөлігі нашар ажыратылады;
  3. Буыдтықтардың саны ішкі буылтықтарға сай келмейді,
  4. Ортаңғы ішектен көптеген қалталар дамиды;
  5. Денесінің алдыңғы және соңғы ұштарында сорғыштары болады: Алдыңғы сорғыштардың үш тісті ауызы бар. Суда кездескен адамға немесе жануарларға сорғыштарымен жабысып, жануарлардың денесін тістегенде, теріде үшбұрышты із қалады. Тістері теріні тесіп, қанды сорады. Қан соратын жұтқыншағында бездерден гирудин деп аталатын ерекше зат бөлінеді, бұл зат қанды сұйылтады.
  6. Қос жынысты. Тура дамиды. Жұмыртқаларын пілләға салады.
  • Маңызы: халықаралық медицинада гирудиннің қасиетін пайдаланып, көктамыр бітелгенде, жүрек бұлшық еттері жансызданғанда, миға қан құйылғанда емдік мақсатта адамның қанын сорғызады. Биосферада паразиттік жолмен тіршілік ететіндіктен, қоректік тізбекте орын алады.

Қолданылған деректер:

  1. Биология: Талапкерге арналған оқулық-тест. Алматы, 2018.
  2. Биология қысқаша анықтама. Алматы, 2013.
  3. Биология 7-сынып. Алматы, 2007.
 
Scroll Up