Хордалылар: дернәсіл хордалылар, бас сүйексіздер , бас сүйектілер (омыртқалы жануарлар)

Хордалылар типі жануарлар дүниесінің тарихи дамуындағы ең жоғарғы тобын құрайды. Хордалы жануарлар палеозой заманының басында пайда бола бастады және олардың ата тегі тікен терілердің бір типі , олардың өздері жұмыр құрттардан дамыған және екінші ауызды жануарларға жатады. 

  • Есіңде сақта!
    Қазіргі кезде хордалылардың 3 тип тармағы: бассүйексіз тип тармағы, дернәсіл-хордалы , бассүйектілер немесе омыртқалылар тармағы, және 40 мыңнан астам түрі белгілі.

Хордалылардың басты ерекшелігі — олардың хордасы немесе арқа желісінің болуы. Хорда дегеніміз омыртқаның қызметін атқаратын серпімді бунақталмаған иілгіш  сым тәрізді мүше. Ол ішінде вакуолі көп ерекше матадан құралады.

Ходалылар типіне ланцетниктер, дөңгелек ауыздылар, балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады. Яғни, хордалылар бар әлемге таралған жануарлар түрі.

Хордалылар - Дереккөз: Википедия сайты, автор: Оразәлі Диас

Хордалылар эволюциясындағы ароморфоздар  (қоршаған орта әсерінен тірі организмдердің құрылымдық және қызметтік жағынан күрделеніп, жоғары сатыға көтерілуі) :

1.  Хорданының пайда болуы — олар ішкі қаңқаның қызметін атқарады және оған бұлшық еттер бекиді. Бұл буынаяқтылардың сыртқы қаңқасы — хитинге альтернатива ретінде пайда болады.

2. Организмнің бөлімдерінің бір-бірімен үйлесімді бір ретке келуі. Жүйке жүйесі бөлімі артқы бөлімге ауысады, ол хорданың үстінде орналасады. Ал асқорыту түтігі хорданың астында болады.

3. Жүйке жүйесінің жаңа түрі түтік тәрізді келеді, ол онтогенезде эктодермадан дамиды.

4. Газ алмасу мүшелердің асқорыту жүйесімен байланысуы: жұтқыншақтың алдыңғы бөлімінде желбезек тесіктерінің пайда болуы , олар тыныс алуды асқорытумен байланыстырып белсенді процеске айналдырады. Бұл оттегінің қажеттігін арттырып, хордалы жануарлардың тіршілігінде зат алмасу процестерін қарқынды жүруіне негіз болды.

5. Жүректің пайда болуы — ол хорданың асқорыту түтігінің астында орналасады. Сондай-ақ  бірыңғай салалы бұлшық еттің көлденең жолақты дене бұлшық етіне ауысуы.

Хордалылардың құрылымының жалпы принциптері организм бөліктерінің өзіндік қызмет атқаруларына мүмкіндік туғызады.

Бассүйексіздер тип тармағы

Қандауыршаның құрылысы (ланцетники) - Дереккөз: ppt-online.org сайты

Бассүйексіздер — төменгі сатыдағы хордалылар типінің бір тармағына жататын ұсақ жануарлар. Бассүйексіздер Жерорта әлем теңіздерінде, жағалауларда, және мұхиттардың экваторлық терең жерлерінде тіршілік етеді. Дене тұрқы 1,5 – 8 см-дей. Арқа қанаты тұтас әрі жұқа болып тікелей құйрық қанатымен байланысқан. Ересектері теңіздердің жағалауға жақын таяз әрі құмды жерлерінде 10 – 30 м тереңдікте құйрық бөлігі құмға батып, бір орында тіршілік етеді. Оларды жергілікті тұрғындар тағам ретінде пайдаланады.

Дене құрылысы : Пішіні балық тәрізді, ұзындығы 4-8 см. Бас жағында қармалауыштары бар ауызы орналасқан, арқа жағында жүзу қанаттары, олар құйрығына және астыңғы жүзу қанаттарына жалғасады. Олардың бас сүйегі болмайды. Қаңқасы хордалы болып келеді. Денесі буындардан тұрады, бұлшықеттері жақсы дамыған.

Жабыны : Бір қабатты эпителий , оның астында дәнекер ұлпаның жұқа қабаты болады.

Дене қуысы : Екінші реттік.

Асқорыту жүйесі : Ауыз қуысы, жұтқыншы ортаңғы ішек, артқы ішек, аналь тесігі. Асқазан жоқ. Омыртқасыз жануарлармен қоректенеді, олар ауыз қуысына судың ағысымен түседі.

Тыныс алу жүйесі : Қандауыршаның жұтқыншағының екі бүйірінде ұзын қиғаш желбезек саңылаулары болады. Су ауыз қуысынан өтіп, желбезек маңы қуысынан шығады. Суда еріген оттегімен дем алады.

Қан айналу жүйесі : Тұйық — арқа және құрсақ тамырлары және капиллярлары болады. Жүрегі жоқ, оның қызметін құрсақ түтікшесі атқарады, ол арқылы қан желбезек аралық пердеге барып ағады. Қаны түссіз , гемоглобины жоқ. Қан организмге қоректік заттармен газдарды (О2 , СО2) тасымалдайды.

Шығару жүйесі : Шығару түтіктері сегменттердің екі жанында орналасқан. Бір жағымен дене түтік қуысына , екінші жағымен желбезек маңы қуысына ашылады.

Жүйке жүйесі : Орталық жүйке жүйесі түтік тәрізді , хорданың үстіңгі бөлігінде орналасады. Түтіктің іш жағы қуыс. Дененің әр бір сегменттегі түтігінен екі жұп жүйке шығады.

Сезім мүшелері : Өте қарапайым. Жүйке түтігінің бойымен жарық сезгіш клеткалары орналасқан. Терінің беткей қабатында жүйке клеткалары болады, олар химиялық тітіркенгіштерді қабылдайды. Дәм сезу және иіс сезуді бүкіл денеде орналасқан сипап сезу клеткалары атқарады.

Көбеюі : Дара жынысты. Ұрғашыларында жұмыртқа қабы , ал еркектерінде ұзын қапшығы болады, олар сегменттерде орналасады  (25 жұп). Жыныс клеткалары желбезек маңы қуысы арқылы суға шығарылады. Ұрықтануы суда жүреді.

Дамуы : Суда дамиды. Зиготадан бластула дамиды, одан кейін гаструла , содан кейін жұмыртқалардан дернәсілдер шығады, оның дамуы үшін ай бойы жүреді. Омыртқасыз жануарлармен  (зоопланктон) қоректенеді. Содан кейін судың түбіне түсіп, ересек күйінде көп қозғалмай топыраққа көміліп тіршілік етеді.

Омыртқалы тип тармағы

Омыртқалылар — хордалылардың ең жоғарғы тип тармағы. Омыртқасыздармен салыстырса, олардың құрылым деңгейлері жоғары болады. Бұл құрылыс ерекшеліктерінен және физиологиялық қызметінен айқын көрінеді. Қазба қалдықтары ордовик – төменгі силур кезеңдерінен белгілі. Омыртқалылардың 40 – 45 мыңдай түрі белгілі. Оларды 7 класқа жіктейді: дөңгелекауыздылар, шеміршекті балықтар, сүйекті балықтар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер,  құстар және сүтқоректілер. Омыртқалыларды әлемдік мұхиттардың түбінен бастап, биік таулы аймақтар мен сусыз шөлді жерлерден кездестіруге болады. Әдетте бұлар қоректік тізбекті аяқтайды. 

Омыртқалылардың эволюциялық дамуы олардың дене құрылысының күрделенуімен сипатталады. Олардың дене тірегі – хорда. Эволюциялық даму процесінің барысында ересек жануарларда хорда, көбінесе омыртқаға айналады . Сондықтан, олар омыртқалылар деп аталған. 

Қан айналу жүйесі: Төменгі сатыдағы омыртқалылардың жүрегі екі камералы болса, жоғары сатыдағы омыртқалылардың бұлшық етті төрт камералы жүрегі көптеген негізгі (құлақшалар мен жүрекшелер) және қосымша бөліктерден (венозды синус, артериальды конус) тұрады. Қан айналым жүйесі тұйық.

Тыныс алу жүйесі: Су омыртқалыларының тыныс алу органы – желбезек, ал құрлықтағы омыртқалыларда қос өкпе болады.

Сезім мүшелері: Көру, есту, сезім және иіс сезу органдары жақсы дамыған.

Жүйке жүйесі: Жүйке жүйесі ми, жұлын және шеткі жүйке түйіндерінен тұрады.

Шығару жүйесі: Зәр шығару органы – қос бүйрек.

Көбеюі: Омыртқалылардың барлығы да даражыныстылар, жыныс безі екеу, бірақ балықтарда гермафродитизм байқалады. Кейбіреулері жұмыртқа салып, екіншілері ұрпақтарын тірідей туып көбейеді.

Дернәсіл хордалылар немесе туникаттар

Дернәсіл хордалыларға — асцидиялар, сальпаларжәне аппендикуляриялар жатады. Олар теңіздерде тіршілік етеді. Бұлардың барлығының да денесі — туника деп аталатын қабықтың ішінде болады. 

Туника — тері эпителиясының туындысы; туниканың ішкі қалың қабатына келіп орналасқаң жас клеткалардың есебінен  ол қалыңдап дамиды. Туниканың химиялық құрамы өсімдіктердің клетчаткаларына ұқсайды. Өсімдік клетчаткасы жануарлар дүниесінде тек осы организмдерде кездеседі.

Дернәсіл хордалылар тип тармағына жататын асцидиялар - Дереккөз: Википедия сайты

Қолданылған деректер: 

  1. Оқушылардың қысқаша анықтамалығы. 5-11 сынып. Алматы. Алматыкітап баспасы, 2011.
  2. «Омыртқалылар зоологиясы» С. П. Наумов- Алматы «Мектеп» баспасы
  3. Қазақ энциклопедиясы, 7 том 6 бөлім
  4. Хордалылар типі  (

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Scroll Up