Ішекқуыстылар және Губкалар типтері

  • Есіңде сақта!
    Ішекқуыстылар – нағыз көп жасушалылардың(клеткалылар) бір типі. Губкалар – омыртқасыздардың бір типі.
Ішекқуыстылар типі

Ішекқуыстылар(Coelenterata) типінің жалпы сипаттамасы. Cуда, көбінесе теңізде тіршілік етеді. Бірі еркін жүзсе, екіншілері қозғалмай су түбінде бекініп жатады. Олардың 9000-ға жуық түрі белгілі.

Ішекқуыстыларға тән белгі – радиалды немесе сәулелі симметрияның болуы. Олар қосқабатты жануарлар: онтогенезде тек екі ұрық жапырақшалары — эктодерма және энтодерма түзіледі. Екеуінің арасы мезоглеямен бөлінген.

Типке тән негізгі белгі – атпа клеткаларының болуы, олар бұлшықеттің жиырылуы арқылы қозғалады.

Гидроидтылар класы. Гидра — ең қарапайым құрылысты, көлдер мен бөгеттерде мекендейтін тұщу су полипі. Ауыз конусында 6-12 қармалауыштар қоршалған ауызы орналасқан. Эктодерма қабатында эпителийлі-бұлшықетті клеткалары болады. Гидраның жүйке жүйесі дамудың ең төменгі деңгейінде тұрған шашыранды, диффузды түрде болады.

Атпа клеткалы аралық клеткалардан дамиды және ерекше сопақша келген атпа капсуласы болады. Капсула сұйықтыққа толып тұрады. Гидраның атпа клеткалары шабуыл жасау және қорғаныш қызметін атқарады.

Энтодерма барлық гастраль қуысын ауыздың шетіне дейін астарлап жатады. Энтодерманың құрамына бірнеше түрлі клеткалар енеді. Олар эпителийлі-бұлшықет, ас қорыту және ерекше безді клеткалар. Губкалардағы сияқты ішекқуыстыларда асты клетка ішінде қорытады. Сол сияқты энтодерманың безді клеткалары ас қорыту сөлдерін гастраль қуысына шығарып сонда ас қорытылады.

Гидралар жынысты және жыныссыз жолдармен көбейеді. Жыныссыз көбеюі бүршіктену арқылы жүзеге асады.

Сцифомедузалар класы.

Сцифомедуазалар класы 200 түрден тұратын медузалар тек қана теңізде тіршілік етеді. Денесі дөңгелек шатыр тәрізді. Шатырдың астыңғы ойыс жағындағы төрт бұрышты ауызы орналасқан. Ауыздың шеттері созылып 4 ауыз қалақшаларын жасайды. Ауызы шатырдың ортасындағы қарынға барып жалғасады, қарын онша терең емес төрт қалта тәрізді ойықтар құрады. Қарынға шеттен гастраль жіпшелері бар төрт білеу еніп тұрады.

Қарыннан дененің шетіне қарай радиалды өзектер жүйесі тарайды. Өзектер дұрыс кезектесіп орналасады да шатырдың жиегіндегі сақиналы өзекке барып жалғасады. Сөйтіп, бұл өзектер гастроваскулярлы жүйені құрайды.

Негізгі өзектердің шетінде жатқан кейбір қармалауыштар өзгеріп, жиек денешіктеріне немесе ропалияларға айналады. Ішінде көру және тепе-теңдік мүшелері дамиды.

Медузалар дара жынысты. Жыныс бездері қарын қалталарының төменгі жағындағы энтодермадан жасалынады. Пісіп жетілген жыныс клеткалары медузаның аузы арқылы сыртқа шығарылады. Жұмыртқадан дернәсіл планула пайда болады. Ол жүзіп жүріп біраздан кейін бекінеді. Планула кейінірек жеке полип – сцифистомаға айналады. Бұл полип бүршіктену арқылы басқа сцифистомалар жасай алады.

Сцифистомада жүретін негізгі процесс – стробила жасау. Стробила жасау процесінде дисклілер жас медузалар пайда болады. Оларды эфира деп атайды. Эфира одан әрі дамып ересек медузаға айналады.

Сонымен, сцифомедузаларда айқын білінетін метагенез байқалады, яғни жынысты және жыныссыз ұрпақтары ауысып отырады.

Маржан полиптері класы.

Маржан полиптер ішекқуыстылар типінің ең үлкен класы, бұлардың 6000-дай түрі бар. Тек теңіздерде жеке және колония түрінде бекініп тіршілік ететін жануарлар. Құрылысы мен физиологиясы. Жалпы құрылысы бойынша маржан полиптер гидроидты полиптерге ұқсас, бірақ олардың елеулі және күрделі өзгерістері байқалады: жіңішке базальды мембрананың орнына қалың қабатты мезоглея; эпителиальды ет клеткаларының орнына ұзына бойы және көлденеңінен сақиналы бұлшықет клеткалары дамыған.

Нерв жүйесі күрделіленіп — ауызы және табанша нерв сакинасын түзейді. Жыныс клеткалары энтодермадан құралған. Жеке особьтарының денесі цилиндр тәрізді, жалпақ табанымен субстратқа бекініп тұрады. Денесінің жоғарғы бөлігінде, ауыз тесігінің төңірегінде, сәулелі симметриялық ретте қармалауыштары орналасқан. Олардың саны алтау — алты сәулелілер (Нехасогаіііа) класс тармағының өкілдерінде немесе сегіз — сегіз сәулелілерде (Octocorallia). Сопақша келген ауыз тесігі эктодермальды жұтқыншаққа жалғасады. Жүтқыншақ бір бағытта қабысқан, ал қуыстың бір жақ немесе екі жақ шетінде сифоноглифа деп аталатын сай (борозда) өтеді.

Сифоноглифаны құрайтын клеткаларының ұзын кірпікшелері болады, солардың көмегімен су және қорек заттар гастраль қуысына өтеді де, ал қайтадан су және қорытылмаған зат кірпікшелердің кері қарай қозғалуымен жұтқыншақ бойынан сыртқа шығарылады. Жұтқыншақ гастраль қуысымен жалғасқан. Гастраль қуысы энтодерма клеткаларымен астарланып, арнайы септа деп аталатын перделері арқылы камераларға бөлінеді Денесінің жоғарғы бөлігінде септалар жұтқыншаққа және дене қабырғасына ұштасады да, қалған жағы гастраль қуысында бос салбырап тұрады. Олардың бос шеттері жуандап, без клеткаларынан құралған, мезентериальды жіпшелерге айналады. Солардың көмегімен гастраль қуысына түскен ас қорытылады. Септаларының, камераларының, қармалауыштарының саны бір-біріне сәйкес келеді.

Осыған байланысты маржан полиптер класы екі класс тармағына бөлінеді: сегіз сәулелілер — Octocorallia және алты сәулелілер —Hexacorallia.

Губкалар типі

Губкалар типінің кластарының негізгі өкілдері.

Қаңқасы кремнилі немесе спонганді, кейде екеуі де аралас күйде құрылады. Инелері бір, төрт, көп осьті. Теңіздерде, тұщы суларда, судың жағалауынан тереңдігіне дейін кең тараған, жеке немесе колония түзіп тіршілік етеді. Құрылысы лейкон типтес, талшықты камералары ұсақ, дөңгелек (жұмыр) болып келеді. Бұл класқа қазіргі уакытта көп кездесетін губкалар жатады. Олар екі отрядқа бөлінеді: төрт сәулелі — Tetraxonida және кремнилі мүйізді губкалар — Cornacuspongida. Төрт сәулелі губкалар отряды — Tetraxonida.

Қаңқасы кремнезем инелерінен құралған, олар бір осьті, жұлдыз тәрізді көп осьті, ал негізінен төрт осьті инелері бір осьтілермен аралас күйде түзіледі. Инелерінің көп болғандығына байланысты кейбір түрлерінде тері қабаты қалыңдап, сауыт сияқты денесін жауып тұрады (Geodia туысында).

Төрт сәулелі губкалар теңіздерде кең тараған. Жиі кездесетін туыстары: шартәрізді ірі — геодиялар — Geodia; қызғылт түсті, шартәрізді -теңіз апельсині -Tethya; қомақты, ашық түсті пробкалы губкалар — Suberites; бұрғылаушы губкалар — Cliona. Кремнилі мүйізді губкалар отряды – Cornacuspongida Қаңқасы мүйізді спонгин жіпшелерінен, кремнилі, бір осьті инелерінен (ұсақ — микросклера, ірі — макросклералардан) немесе екеуінен аралас түзіледі. Бір осьті кремнилі инелері өзара спонгинмен желімделіп бір буда немесе тор тәрізді қаңқаны құрайды. Негізінде колониялы формалар, теңіздерде және тұщы суларда тіршілік етеді. Жиі кездесетін түрлері: туалет губкасы (Spongiidae түқымдасынан), тұщы су губкасы — бадяга (Spongillidae тұқымдасынан), байкал губкасы (Lubomirskiidae тұқымдасынан).

Терең теңіз суларын мекендейтін губкалар, биіктігі 50 см-дей болады. Денесі түтік, қапшық және бокал тәріздес, сикон типті жеке өмір сүретін губкалар. Қаңқасы әртүрлі, үш осьті кремнийлі инелерден тұрады. Кремнезем инелерінен (ұсақ — микросклера, ірі — макросклералардан)құралған, негізінен үш осьті немесе алты сәулелі, бір-бірімен өзара байланысты тор тәрізді қаңқасы болады. Теңіздердің терең жерлерінде ғана жеке тіршілік етеді. Ұзындығы 50 см-ге дейін, түтік, қап, бокал тәрізді. Құрылысы сикон типтес, талшықты қалталары ірі, ұзын болып келеді Кластың ерекшелігі — мезоглея қабаты нашар дамыған, барлық клеткаларының мембраналары жартылай ерігендіктен цитоплазмалары өзара жалғасып — синцития деп аталатын құрылым түзейді.

Қолданылған әдебиеттер: Дәуітбаева К.А. Омыртқасыздар зоологиясы. –Алматы Қазақ
университеті, 1997. 2 -бөлім.

Түсіпова К.С.Омыртқасыздар зоологиясы. Алматы,1999ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Scroll Up