Орталық жүйке жүйесі — ми мен жұлын

  • Есіңде сақта!
    Орталық жүйке жүйесі екі бөлімнен тұрады: ми және жұлын.

Жұлын

Құрылысы. Цилиндр пішінді, омыртқа жотасының өзегінде орналасады. Диаметрі 1 см, ұзындығы 42-45 см. Артқы және алдыңғы бөлігінде жоғары қарай созылған терең сайша (борозда) жатады. Жоғарғы жағы сопақша миға жалғасады.Жұлын көлденең кесіндісінде 3 бөлімнен тұрады:

  • Ортасында сұйықтыққа толы жұлын өзегі болады. Бұл сұйықтық — жүйке жасушаларының тіршілік орталығы;
  •  Өзектің пішінін көбелекке ұқсас сұр зат қоршап тұрады;
  • Сұр заттың сыртында ақ зат орналасады.

Қызметі. 

Рефлекстік

Рефлекс (лат. reflexus — жауап қайтару) — ағзаның сыртқы және ішкі тітіркендіргіштерге орталық жүйке жүйесінің қатысуымен жауап қайтаруы. Рефлекс үдерісі рефлекстік доға арқылы жүзеге асады.

Өткізгіштік

Жұлынның ақ заты өткізгіштік қызметін атқарады және оның әр бөліктерін өзара байланыстырып тұрады. Жұлын сезгіш нейрондардың аксондарынан түзілген артқы түбірлерінен қозуды жоғары миға және мидан қозғалтқыш нейрондардың аксондарынан түзілген алдыңғы түбірлер арқылы шеткі жүйке жүйесіне төмен қарай өткізіп отырады.

ми

  • Назар аудар!
    Ми бас сүйектің ми сауытында орналасқан. Орташа салмағы 1300-1400 г. Адам туылғандағы ми салмағы 350-390 болып, өсуі адамның 20 жасына дейін жалғасады.

Құрылысы.  Үш қабатты қабықшамен қапталған:  қатты, торлы, жұмсақ. Қатты қабықша дәнекер ұлпасынан құралған, ол — бас сүйектің ішкі бетін қаптап жататын мидың сыртқы қабықшасы. Ортаңғы қабықшасы — торлы қабықша, ол қатты қабықшаның астында жатады. Торлы қабықша өте жұқа, онда жүйке мен қан тамырлары аз кездеседі. Ал ішкі қабықша қан тамырларынан тұрады. Қан тамырлары мен торлы қабықшаларының аралығында ми сұйықтығымен толған қуыс болады. Ми қабықшасы қозудың жүйке талшықтары арқылы өтуіне және бір талшықтан екінші талшыққа берілуіне бөгет жасайды. Ми жұлын сияқты ақ және сүұр заттан тұрады, бірақ мида сұр зат сыртта, ал ақ зат іште орналасады.

 

Ми бөлімдері

Ми бөлімдеріне сопақша ми, артқы ми , ортаңғы ми, аралық ми, алдыңғы ми сыңарлары жатады.

Сопақша ми жұлынмен жалғасады. Осы жерде бір ми қарыншасы орналасады. Оның сұр затында адамның тіршілігі үшін маңызды орталықтар бар. Бұл орталықтар арқылы жүзеге асатын рефлекстерге:

  • қорғаныс (түшкіру, жөтелу, құсу, көзден жас ағу);
  • қоректенумен байланысты (ему жұту, сөл бөлу, асқорыту бездерінің жұмысын реттеу);
  • автоматты түрде жұмыс істейтін (тыныс алу, жүрек пен қан тамырлар жұмысын реттеу) рефлекстер жатады.

Сондықтан, сопақша ми зақымданса, адам тыныс алу және жүректің тоқтауынан тез қайтыс болады. Сопақша ми жұлыннан келген қозуды мидың керекті бөліктеріне өткізеді.

Артқы миға көпір мен мишық жатады.

Көпір ортаңғы ми мен сопақша мидың ортасында орналасады. Ми көпірі үлкен ми сығарларын жұлын мен мишықтың қыртыстарымен жалғастырады. Ми көпірінің нейрондары бет терісі, тілден, ауыз қуысының кілегейлі қабықшасынан, есту мүшесінен ақпараттар қабылдайды.

Мишық сопақша мидың үстінде орналасқан. Мишықтың сыртында сұр заттан құралған қыртыстары және иірімдері болады. Мишық жүйке талшықтары арқылы мидың басқа  бөліктерімен байланыс жасайды.   Негізгі атқаратын қызметі — адамның қимыл әрекетін, дене бұлшық еттердің қызметін реттейді. Мишықтың қызметі бұзылса, адам дәл үйлесімді қимылынан айырылып, дене тепе-теңдігін сақтай алмайды.

Ортаңғы ми аралық және артқы мидың арасында орналасқан. Ол жүйкелердің жоғары және төменгі өткізгіш жолдарының қызметін атқарады. Жоғары өткізгіш жолымен қозу мишыққа және үлкен ми сыңарларына жетеді. Төменгі өткізгіш жолымен қозу сопақша ми мен жұлынға барады. Қызметі — кенеттен келген жарық және дыбыс тітіркеністеріне тез байқауды реттеу. Ортаңғы мидан бұлшық етке үнемі жүйке тітіркенісі жіберіліп, дененің ширығып тұруына мүмкіндік туғызады. Ол адамның еңбек қабілетіне әсерін тигізеді.

Аралық мида ми қарыншаларының біреуі орналасады. Құрылымында таламус,  гипоталамус орналасады. Таламус арқылы ми қыртысына әртүрлі сезім (ауырсыну, қанағаттану, мимика, т.б) қалыптасады. Гипоталамус — вегетативтік жүйке жүйесінің үлкен ми сыңарлары қыртысының орталығы. Ол барлық ми бөліктерімен байланысады, ішкі гормондарының бөлінуін реттейді, дененің температурасын, қан қысымын және ағзаның зат алмасу үдерістерін, ішкі ортасын тұрақтандырады. Зәр шығару, ұйқы, сергектік, бейімделу, т.б физиологиялық әрекеттер аралық мида өтеді.

Алдыңғы ми сыңарлары адамда басқа ми бөліктеріне қарағанда жақсы дамыған, мидың 80%-ын алып жатыр. Беті қатпарланып жатады, көлемі 2200-2500 см³, қыртыстың қалыңдығы 2,5-3 мм. Ол 14-18 млрд жүйке жасушаларынан құралады. Ми оң және сол ми сыңарларына бөлінген. Әрбір ми сыңары 4 бөліктен тұрады: маңдай, шүйде, төбе, самай. Маңдай және төбе бөліктеріне сезу-қимыл (аяқ, тұлға, қол, мойын, бет, ерінді қозғалту, сөйлеу аймағы) жатады. Көру аймағы шүйде бөлігінде, есту самай бөлігіндегі қатпарының үстінде, ал иіс пен дәм сезу самай бөлігінің алдында болады.

ми бөлімдері - дереккөз: "өрлеу" білім беру арнасы
Scroll Up