Рефлексия. Рефлекстік доға

  • Есіңде сақта!
    Рефлекс - ағзаның сыртқы және ішкі тітіркендіргіштеріне орталық жүйке жүйесінің қатысуымен жауап қайтаруы.

Рефлекс үдерісі рефлекстік доға арқылы жүзеге асады. Кез кедген рефлекстік доға 5 бөліктен тұрады:

  1. Рецепторлар — жүйкек ұштары
  2. Сезгіш нейрондар;
  3. Жүйке орталығы;
  4. Қозғалтқыш нейрондар;
  5. Тітіркендіруге жауап қайтаратын мүше.

Рефлекстік доға рецептордан басталады. Жүйке ұштары болып табылатын рецепторлар температура, қышқылдық, дыбыс , т.б. тітіркендіргіштерді қабылдап, жүйке орталығына қарай шеткі жүйке жүйесінің сезгіш жүйкелері арқылы жұлындағы жүйке орталықтарына жеткізеді. Жүйке орталықтары — жұлынның әр жерінде белгілі бір мүшенің қызметін реттейтін жүйке жасушаларының шоғыры. Мысалы, тізе рефлексі орталығы жұлынның бел бөлімінде, зәр шығару орталығы сегізкөз бөлімінде, көз қарашығының ұлғаю орталығы арқа бөлімінде, көкеттің (диафрагма) реттелу ортаплығы III-IV мойын омыртқаларында орналасқан. Жүйке орталығында талдап қорытындылаудан туған жүйкелік жауапты шетке қарай белгілі бір мүшеге жеткізіп, сол мүшенің оған қайтаратын жауабымен аяқталады. 
Қарапайым рефлекторлық доға бар-жоғы 2 нейроннан (сезгіш және қозғалтқыш), ал күрделі рефлекторлық доға 3 нейрон тізбегінен тұруы мүмкін.

Рефлексті реакция кезінде жұмыс атқаратын мүшенің рефлекторлы сигналы орталық жүйке жүйесіне өтеді, ал ол жауаптың қаншалықты тиімді екенін бақылайды. Мысалы, адам байқамай ыстық затқа қолы тиіп кеткенде, қолын сол заттан дереу тартып қалады. Қол ыстық затқа тигенде, терідегі терморецепторлар заттың температурасының дәрежесін сезгіш нейрондары арқылы жұлындағы жүйке орталығына қозу арқылы жеткізеді. Жұлында келген ақпарат қорытындалып, оның тым ыстық екені және тері күйіп қалмау үшін, қолды дереу тартуы үшін қолдың бұлшық еттеріне қозғалтқыш нейрондары арқылы қозу жіберіледі. Қозу қолдың бұлшық етіне жеткенде бұлшық ет жиырылып, алдам қолын ыстық заттан алыстатады. Бұл рефлекс өте тез жүзеге асады.

 

Рефлекстегі импультің жолы: рецептор → сезгіш жүйкелер → жұлын →  қозғалтқыш жүйкелер →  мүше.

  • Назар аудар!
    Жұлынның қызметін ми реттеп тұрады. Жұлын зақымдалғанда, өткізгіштік және рефлекстік қызметтер жойылып кетеді. Омыртқа жотасы сынғанда немесе қисағанда, жұлын мен ми арасындағы байланыс үзіледі. Мұндай адамның миы әдеттегідей жұмыс атқарады, бірақ зақымдалған орталық арқылы жұлынның өткізгіштік қызметінің біразы іске аспайды.
Scroll Up