Сенсорлық жүйе туралы түсінік. Көрнекі сенсорлық жүйе.

Сенсорлық жүйе — ішкі және сыртқы ортаның түрлі әсерлерін қабылдайтын сезім жүйесі, анализаторлардың шеткі бөлігі, немесе рецепторлар. Анализаторлар — дененің сыртқы және ішкі ортасын жүйке жүйесінің орталық бөлігімен байланыстырып түрған рефлекторлық доганың сезімтал бөлігі. Әрбір анализатор 3 бөліктен тұрады: шеткі — рецепторлық, өткізгіш бөлік және орталық бөлік.  Егер де бір бөлігі зақымдалса, барлық анализаторлар қызметін тоқтатады. Ал рецепторлар дегеніміз сезімтал жүйке талшықтарының соңғы сезгіш ұштары. Және олар өздері екіге бөлінеді: экстерорецепторлар және интерорецепторлар. Экстерорецепторлар сыртқы өзгерістерге жауап береді, және оларға өзіміз білетін 5 басты сезім мүшесі жатады: көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және тері түйсіктерінің рецепторлары . Мидың әр бөлімі түрлі сезімге жауап береді.

Ал интерорецепторлар ішкі мүшелерде, ұлпаларда, қан және лимфа тамырлары қабырғаларында орналасып, осы мүшелердегі шет өзгерістерді қабылдайтын сезімтал құрылым. Ол мүшелердің үйлесімді қызмет атқаруына жауап береді. Оған қоса, олар тірек-қимыл аппаратының мүшелеріне әсер ететін тітіркендіргіштерді қабылдайды.

Көру мүшесі

Көрудің негізгі қызметі — бақыланатын объектінің айқындығын, түсін, пішімін, көлемін анықтайды. Және де өзге анализаторлармен бірге дененің кеңістікте орналасуын, объектіге дейін арақашықтығын анықтауға көмек береді.

Көру сезімінің мүшесі — көз. Көз бас сүйектің көз шарасына бекініп орналасады. Көз алмасының сыртқы жағында орналасқан бұлшықеттердің жиырылу нәтижесінде қозғалады. Қосымша қорғаныш құрылымдарына кірпікшелер мен қабақ, қас және көз жас бездері жатады. 

Көз құрылысы - Дереккөз: slide-share.ru сайты

Көз алмасының пішінің көздің сыртқы ақ қабықшасы — склера анықтайды. Ол көздің ішін механикалық зақымданудан сақтайды. Алдыңғы жағынан ол қасаң қабықшаға өтеді. Оның астында тамырлы қабықша орналасқан. Тамырлы қабықша көзді қоректендіретін күрделі өрімделген қан тамырлардан тұратын. Алдыңғы жағында тамырлы қабықша нұрлы қабықшаға өтеді. Ол қарашықтың мөлшерін анықтайды. Ішкі қабат — торлы қабықша, ол фоторецепторлардан — сауытшалар мен таяқшалардан тұрады. Торлы қабаттың жарығы жақсы түсетін жерін сары дақ деп атайды, ол жерде сауытшалар көп. Қасаң қабат пен көз бұршағы арасындағы кеңістік сұйықтыққа толы болады. Көз бұршағы қарашықтың артқы жағында орналасқан және нұрлы қабықшамен жанасып жатады. Және де көз бұршағының диаметрі- 8-10 мм кішкентай көздөңіс линза болып келеді.Оған кірпікшелі бұлшықет жанасады, ол көру қисығын көрсетеді. Көз алмасының ішкі жағын көлкілдеген мөлдір зат — шыны тәрізді дене толтырып жатады.

  • Қызықты факт!
    Адамның көзі тек 400-ден 760 мкм толқын ұзындығы бар сәулелерді өткізіп, сындыра алады.

Көзде сәуленің екі сындырылатын ортасы болады — қасаңқабат және көз бұршағы. Көз бұршағы қисығының өзгеруінің арқасында объектілер туралы толық мәлімет ала алады.  Көздің әртүрлі қашықтықтағы объектілер туралы толық мәліметті ала алатын , бейімделу қасиеті аккомодация деп аталады. Аккомодация кезінде бұлшық еттер жиырылу арқасында көз бұршағының қисығын өзгертеді. Көз бұршағы сындыру қисығы үнемі артық мөлшермен сындырылып отырса, онда жарық сәулелер торлы қабықтың алдына түседі де , нәтижесінде жақыннан көргіштік дамиды. Егер көз бұршағының сындыру қисығы жеткіліксіз болса, онда жарық сәулелер торлы қабаттың артқы жағына түседі де алыстан көргіштік дамиды.

Көздің жарық сезетін аппараты. Жарықты қабылдау көздің фоторецепторлардан — сауытша мен таяқшалардың қозуынан басталады, оған алдымен фотохимиялық реакциялар себеп болады. Сауытшалар мен таяқшаларда жарық сезетін пигменттер болады. Сауытшалардың қызметі түсті қабылдауында. Ал жарыққа сезімталдық таяқшаларда көбірек, олар көруді жарық аз жерлерде қамтамасыз ете алады.  

Қолданылған деректер:

  1. Оқушылардың қысқаша анықтамалығы. 5-11 сынып. Алматы. Алматыкітап баспасы, 2011.
Scroll Up