Талшықтылар, Кірпікшелілер (Инфузориялар)

  • 1. Саркоталшықтылар типіне қандай жәндіктер жатады? Жәндіктер неге талшықтылар деп аталған?
    2. Кірпікшелілердің өзге біржасушалы жәндіктерден артықшылығы қандай?.

ТАЛШЫҚТЫЛАР

  • Мекен ортасы: тұщы су қоймаларында, теңізде; паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар.
  • Дене пішіні: талшықты жәндіктердің денесі көпшілігінде пелликуламен қапталғандықтан, дене пішіні тұрақты болады (сопақ, шар пішінді).
  • Қозғалуы: денесінің алдыңғы жағындағы бір, екі немесе бірнеше талшықтары арқылы қозғалады.
  • Қоректенуі: өсімдік, жануар қалдықтарымен. Жасыл эвглена хлоропласттары арқылы автотрофты жолмен қоректеніп, жарық болмаған кезде жануарлар тәрізді гетеротрофты жолмен қоректенеді.
  • Тыныс алуы: бүкіл денесімен.
  • Зәр шығаруы: жиырылғаш вакуолі арқылы.
  • Көбеюі: жынысссыз жолмен, екіге бөліну арқылы. Жынысты жолмен тек шоғырлы (колониялы) вольвокстар көбейе алады. 
  • Пайдасы/Зияны: теңізде тіршілік ететін түншырақ денесінен жарық бөліп, теңізді түнге қарай құлпыртса, кейбір түрлері тұщы судағы органикалық қалдықтарды қорек етіп (бодо), суды тазартады. Топырақта тіршілік ететін түрлері азот түзетін бактериялармен қоректеніп, топырақта азот мөлшерін кемітуге жағдай жасайды. Паразиттік жолмен тіршілік ететін трипаносома (15-30 мк) тропиктік елдерде адамда — ұйқы ауруын; түйе, піл, итте — су ауруын (сурра); сиырда нигана; жылқыда қараталақ ауруын туғызады. Лямблия (15 мк) адам ащы ішегінде, өтте жиі кездесіп, ауру тудырады. Лейшманиятері ауруын (лейшманиозды) тудырады. Таратушысы — құмыты.

Саркодиналар — талшықсыз, жалған аяқты, тұрақты дене пішіні болмайтын біржасушалы жәндіктер. Алайда, кейде тұщы суқоймасынан денесінің алдынғы бөлігінде бір талшығы бар жалған аяқты амебалар да кездеседі. Ол талшықты амеба деп аталады. Саркодиналар мен талшықтыларда мұндай белгілердің болуы олардың туыстық бірлестігін дәлелдейді. Сондықтан оларды саркоталшықтылар типіне біріктіреді. Олар бұдан бір жарым миллиард жыл бұрын пайда болған ең көне қарапайымдылар.

Жасыл эвглена. Дереккөз: itest.kz

Кірпікшелілер (инфузориялар)

Бұл типке жататын жәндіктер ең алғаш шіріген ағзалы қалдықтары бар тұнба судан табылған. Сондықтан оларды инфузория (латынша -«инфузум» — тұнба) деп атайды

  • Мекен ортасы: тұщы су, теңіз, топырақ.
  • Дене пішіні: тұрақты, пелликуламен қапталған.
  • Қоректенуі: бактериялар, балдырлар, ағзалардың қалдықтары.
  • Тыныс алуы: бүкіл денесімен суда еріген оттегімен.
  • Зәр шығаруы: жиырылғыш вакуолі арқылы. 
  • Көбеюі: жыныссыз (екіге бөліну арқылы), жынысты (жанасу арқылы). Жынысты көбейгенде екі кірпікшелі бір-біріне жанасу арқылы қосылып, ядроларын алмастырады да, екі дарай ажырайды. Бұл үдеріс конъюгация деп аталады. Бұл басқа біржасушалы ағзаларда кездеспейтін қасиет.
  • Екі ядросы болады: үлкен ядро — зат алмасу, қозғалу, қоректену, тыныс алу қызметін атқарады; кіші ядро — жыныстық жолмен көбеюді жүзеге асырады.
  • Пайдасы/Зияны: ағзалардың қалдықтарымен қоректеніп, суды тазартады; балық шабақтарына қорек болып келеді. Кейбір кірпікшелілер адамның тоқ ішегінде , бақаның тік ішегінде, күйіс қайыратын сүтқоректілердің қарнында, балықтардың желбезектерінде паразит, симбионт ретінде тіршілік етеді.
  • Өкілдері: Кірпікшелі кебісше, кіреукелі кебісше, мөрже, валантидий, опалина, сувойка.
Кірпікшелі кебісше. Дереккөз: infourok.ru

Қолданылған деректер:

  1. Биология: Талапкерге арналған оқулық-тест. Алматы, 2018.
Scroll Up